Бүгін Алматы облысының активі президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан халқына жасаған алғашқы жолдауын кеңінен талқылады. Облыс әкімдігінің мәжіліс залында ине шаншар жер болмады. Жиынға облыстық басқарма басшылары, аудан әкімдерінен басқа ҚР президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Қуаныш АСЫЛОВ қатысты.

Өңір басшысы Амандық БАТАЛОВТЫҢ ойынша осыған дейінгі жолдауларды Нұр-Сұлтаннан арнайы сапарлап келетін депутаттар дұрыс түсіндірмей келген. Сол себепті жаңа президенттің жаңа жолдауын халыққа енді облыс шенділерінен құрылатын комиссия түсіндірмек.

«Әдетте депутаттар келсе олардың өзін күту бір жұмыс болатын. Енді ет асып, олардың қарнын тойдыру деген болмайды. Жер-жерді аралау, түсіндіру, жолдауда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру жергілікті адамдардан құралған комиссияға жүктеледі», – деді Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ.

Тоқаевтың жолдауын түсіндіру барысында әкім Алматы облысының жетістіктерін тілге тиек етті. Айтуынша, аймақта биыл қай сала болмасын өсім бар. Алайда, оны насихаттау ісі әлсіз екен.

«Кеше ғана Қапшағай қаласында премьер-министрдің орынбасары Жеңіс ҚАСЫМБЕК Алматы облысын мақтады. Атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымды, жетістіктердің көп екенін айтты. Бірақ солардың бәрін насихаттай алмай жатырмыз. БАҚ арқылы көрсетуіміз керек. Өзімнің баспасөз хатшыма да бұл мәселені айттым», – деді Амандық Баталов.

Жолдауда көрсетілген өзекті мәселенің бірі – көпбалалы, аз қамтылған отбасыларын баспанамен қамту. Алматы облысында қыркүйектің соңына дейін біраз көпбалалы ана басыбайлы баспанамен қамтылмақ. Әкімнің сөзінше, 2 жыл бойы салынып келе жатқан коттедж қалашығында 150 баспананың кілті жуық арада табысталады.

Жолдаудағы өзекті бағыттарға қатысты ой айтады деп күткен актив мүшелері Амандық Баталовты мақтаудан ары аспады. Баталовтың өзі “мені мақтауды доғарыңдар, одан да президент жолдауын талдайық” демеді.

Айдын ИМАНБЕКОВ, кәсіпкер:

“Амандық Ғаббасұлы, осы орайда сіздің көрсетіп жатқан қолдауыңыздың арқасында осы жылы және ағымдағы жылы 2 жаңа жобаны жүзеге асыруды бастап кеттік. Осы сәтті пайдалана отырып, өз компаниямның ұжымы атынан, барлық кәсіпкерлер атынан көрсетіліп жатқан қолдауларыңыз үшін алғысымызды білдіре отырып, зор денсаулық, жұмыстарыңызға табыс, сәттілік тілеймін”.

Ғалия ТЕМІРБАЕВА, мемлекет қайраткері:

“Қадірменді Амандық Ғаббасұлы, сіз мәдениет қызметкерлеріне үлкен қолдау көрсетіп жатырсыз. Былтыр ғана республикада теңдесі жоқ жаңа театрға кірдік. Өнер қызметкерлерінің атынан, театрдың атынан сізге үлкен алғыс айтқымыз кеп отыр”.

Игорь СКОРОМНЫЙ, мұғалім:

“Құрметті, Амандық Ғаббасұлы, Алматы облысы педогогтары атынан барлық жанашырлықтар үшін сіз арқылы мемлекет басшысына зор алғысымызды білдіреміз”.

Ал, жиынға арнайы келген жас маман Алмас БАТЫРХАН, тіпті, Қазақстанды дамыған 30 ел емес, алғашқы 3 елдің қатарына қосуға болады деп санайды.

“Талмай еңбек етемін деген жасқа жұмыс та бар, үй де бар, оқу да бар. Атап айтсам, “жұмыспен қамтудың жол картасы”, “дипломмен ауылға”, “бизнестің жол картасы-2020″ бағдарламалары осының дәлелі. Мен бар күшімді мемлекетімнің дамуына жұмсаймын. Қазіргі таңда қазақ елі дамыған 30 елдің қатарына ғана емес ондыққа, тіпті, осындай мүмкіндіктермен үштікке де енуіміз әбден мүмкін”.

Жиында арнайы сөз сөйлеу үшін үй жұмысын дайындаған мектеп оқушыларындай алдын ала жазылған мәтіндерімен келгендер де болды.

Ал, президент жолдауы талқыланып, ой кешіріңіз, облыс әкімін жаппай мақтап жатқан сәтте кейбіреулер ұйықтап та алды. Ал, Амандық Баталовтың өзіне көп мақтау майдай жаққандай, өте сергек отырды.

Жас Алаш