Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резервіне үміткерлердің құжатын қабылдау басталды. Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті хабарлағандай, бүгінгі күні 2 мыңға жуық жетуісулық жас мемлекеттік қызметке араласқысы келетінін айтып, өтініш білдірген. Құжаттарды қабылдау үшін Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің ресми сайтында  автоматтандырылған онлайн-платформа іске қосылған екен.  Үміткерлер үшін  арнайы онлайн-платформа жасалған. Оны қолдану өте жеңіл әрі ыңғайлы. Сайттың басты бетінде  Президенттік жастар кадр резервінің іріктеуіне қатысты  мағлұмат инфографика арқылы берілген.

«Іріктеу 5 кезеңнен тұрады. Құжаттары онлайн түрде қабылданады. Жалпы, ең мықты деген 300 кадр іріктеліп, резервке алынады. Комиссия басшысы – президент әкімшілігінің жетекшісі. Іріктеу ашық әрі қиын болады. Сондықтан біреудің танысы, біреудің туысы өтіп кетеді деген бос әңгіме. Ондай болған жағдайда жазаға тартатын заң бар», – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай НҰРҒИСАЕВ.

Дегенмен, Қазақстанда өз күшімен мемлекеттік қызметке орналасу қиын деп санайтындар көп. Бірақ, мұндай қиындықтарды шенділердің ұл-қыздары оңай еңсеріп жатады. Сондайлардың біразына тоқталсақ.

Вице-премьер Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ ұлы Жансұлтан САПАРБАЕВ Нұр-Сұлтандағы Есіл ауданы әкімінің орынбасары. Шенеуніктің жасы небәрі 28-де. Ал, елорда әкімінің орынбасары Малика БЕКТУРОВА  Мәжіліс төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИННІҢ немере қарындасы. Павел КУЛАГИН – Қостанай облысының экс-әкімі Сергей КУЛАГИННІҢ кіші ұлы. 32 жастағы жас шенеунік Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімі. Ақмола облысы маслихатының депутаты Максим БОЖКО – Қауіпсіздік комитетінің генерал-лейтенанты, қазіргі Мәжіліс депутаты Владимир БОЖКОНЫҢ ұлы.

Осыған орай Нұрғисаев мырзадан «биліктегі шенеуніктердің балалары жастар кадр резервіне өтуде әкелері ықпал ете ала ма?» деген сауал қойып көрдік.

«Біріншіден, әкесі қызметтегінің ұлы қызметке келуіне болмайды деген заң жоқ. Екіншіден, қазір қызметке қабылдау үшін конкурс бар. Ол өте қиын. Комиссия бәрін бақылап отырады. Одан бөлек камералар жұмыс істейді. Сондықтан бәріміз заңға бағынамыз», – дейді департамент басшысы.

Жиын барысында департамент басшысы Алматы облысының мемлекеттік қызметкерлеріне көңілі толмайтынын айтты. Серікбай Өрікбайұлының сөзінше, жетісулық қызметшілердің амбициясы төмен әрі жүрісі баяу.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві – қызметтік өсуге ынталы, кәсіби дағдылар мен басқару біліктіліктерінің жоғары деңгейіне ие, өзін өзі кәсіби дамытуға, оқып-үйренуге бейім, көшбасшылық сипатқа ие жастарға арналған резерв. Азаматтар Президенттік кадр резервіне  5-жылдық мерзімге алынады. Резервке тұрған азамат саяси немесе басқарушы лауазымдарға, ұлттық холдингтердің немесе компаниялардың басқарушы лауазымдарына тағайындала алады.  Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы  қатыса алады.

Жас Алаш.