Желтоқсанның 16-сы күні Грузияның жаңадан сайланған президенті Саломе Зурабишвили салтанатты түрде ант беріп, қызметіне кірісті. Ұлықтау рәсімі елдің шығысында орналасқан Телави қаласындағы екінші Ираклий патшаның резиденциясында өтті.

ВИДЕО: Грузия президенті Саломе Зурабишвилидің инаугурациясы

Қараша айында өткен президент сайлауының екі турының қорытындысы бойынша Грузияның бесінші әрі тұңғыш әйел президенті болып сайланған 66 жастағы Саломе Зурабишвили ант беру рәсімінен кейін сөйлеген сөзінде 1921 жылы «Ресей армиясының басқыншылығынан» кейін Грузиядан қуылып шетелге кеткен грузин эмигранттарының ұрпағы екенін еске салды. Зурабишвили қазіргі заманда Ресейдің өзін-өзі жариялап алған Абхазия мен Оңтүстік Осетия республикаларындағы әрекетін «оккупация» деп атаған және «абхаз және осетин бауырлармен» татуласуға шақырған. Жаңа президент Грузияны НАТО мен Еуропа Одағына өткізуді өз саясатының басым бағыттары ретінде атады.

Зурабишвили ант қабылдаған сәттен бастап елдің жаңа Конституциясы да күшіне енді. Бұл құжатқа сәйкес, Грузия мемлекеті біржолата парламенттік республикаға айналады.

Грузияда жаңа президент ант беріп жатқан кезде Телавиден бірнеше километр жерде полиция мен бірлескен оппозиция жақтастары арасында қақтығыстар болған. Оппозиция өкілдері президент инаугурациясы өтіп жатқан жерге барып наразылық шеруін өткізуге талпыныс жасады. Полиция қалаға кіретін жолдардың барлығын жауып тастағаннан кейін, демонстранттар полицияның тосқауылын бұзып өте алмаған. Қақтығыстар барысында сегіз полиция өкілі түрлі дәрежедегі жарақат алған. Полиция наразыларға қарсы ешқандай арнайы құралдар қолданбаған, оппозиционерлерден ешкім зардап шекпеген деп хабарлайды Азаттықтың Грузин қызметі.

Жас Алаш